Сайлаубек ЕСЖАНОВ

23-08-2012

Сайлаубек ЕСЖАНОВ, Қостанай облыстық  мәслихатының хатшысы: Еңбек қана жарқын өмірге бастайды

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың жақында жарияланған «Қазақ­станның әлеуметтік жаң­ғыр­тылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаласы қоғамда үлкен серпіліс туғызды.

Елімізде тәуелсіздік жылдарының алғашқы күнінен бастап әлеуметтік саясат жүр­гізіліп келеді. «Менің наза­рым­дағы басты мәселе – әр қазақ­стандыққа қамқорлық көрсету» деп жазды Нұрсұлтан Назарбаев мақаласында. Алайда, біз осы әлеуметтік қамқорлықты қалай түсінеміз? Мемлекеттің әлеу­мет­тік саясатын, адамдардың тұр­мыс­тық деңгейін көтеруге бағыт­талған жұмысын біз «алма піс, аузыма түс» деп түсініп, тұты­ну­шылық психология шеңберінен шыға алмай жүрген секілдіміз. Тіпті, мұндай түсініктің сонау өткен ғасырдың орта шенінен-ақ бастау ала бастағаны рас, оның соңын ала «тоқырау» деп аталған уақытты аға ұрпақ өкілдері ұмыта қойған жоқ шығар. Осындай тұтынушылық әдет еңбектің құнын түсіргендей болды. Ал аталарымыз еңбекті жоғары бағалаған. Халқымыз замананың «мың өліп, мың тірілген» қиын кезеңдерінен ерліктің ғана емес, еңбектің арқасында өтіп, халық болып қалды. Еңбектенбесе қазақ Алатаудан Арқаға, Алтайдан Атырауға дейін созылған осынша кең-байтақ жерге мыңғыртып мал өсірер ме еді?! Еңбектенбесе аттың жалында, түйенің қомында көшіп-қонып жүріп, уығы мен шаңырағы күннің шапағын еске түсіретін, өте қолайлы киіз үй тігіп, көшпенділер мәдениетін қалыптастырар ма еді?! Елбасы­ның «Әлемдік өркениеттің бар­лық құндылықтары, барлық эко­номикалық және мәдени бай­лықтар виртуалды қаржы институттарымен емес, адамның еңбе­гімен жасалды» деуі сондықтан. Тек біздің қазақ емес, барлық халық та еңбектің арқасында өзінің халықтығына ие болған.
90-шы жылдарғы өлара уақыт бейнетқор халықтың бүгінгі ұр­па­ғының еңбек туралы ұғымына сына түсірді. Еңбектің емес, ақ­шаның беделі артты. Саудамен байы­ғандардан гөрі «сауда сақал сипағанша» деп, алдамшы үміт­тің жетегінде қалғандардың қа­расы басым болды. Алыпсатарлар емес, өз маңдай терін сат­қандардың ғана алдағы көкжиегі сенімді екенін түсінуіміз керек. Адам өзінің игілігі үшін еңбек еткені ләзім. Өзін жарылқамаған адамның айналасындағыларға кө­леңкесі түсер ме? Адал ең­бек­пен тұрмысын түзегендер қо­ғам­ды да байытады.
Президенттің аталған мақа­ла­сының мазмұнын халыққа алдымен мәслихаттардың барлық дең­гейіндегі депутаттары жеткізіп, түсіндіруі керек. Халық өз қалау­лыларын қалтқысыз тыңдайды. Олар өз сайлау округтеріне шы­ғып, сондағы сайлаушыларымен бетпе-­бет отырып, Елбасы мақа­ла­­сындағы түйінді мәселелерді тал­дағаны дұрыс. Депутаттар ең­бектің қадір-қасиеті туралы өзі­нің тындырған ісін мысалға кел­тірсе несі айып? Жақында ғана облыс­тық мәслихаттың сессиясында келі­сілгендей, депу­тат­тардың бар­лығы да бір күні жаппай өз сайлау округтеріне шы­ғып, сайлаушыларымен Елбасы мақаласы туралы әңгімелесті. Мен өзім Алтынсарин ауданында болып, сайлаушыларыммен кез­дестім, өзім әңгі­меледім, жұртты тыңдадым.
Облыстық мәслихаттағы де­пу­­­таттардың барлығы да ең­бек­пен есейген жандар. Халық қалау­лыларының өмірдің қай саласында да айналасындағыларға үлгі бола білгендер екеніне шүбә келтір­меймін. Олардың көпшілігі эконо­микалық байланыстар үзі­ліп, шаруа шатқаяқтап жатқанда ұйым­дастырушылық жұмыстар жүр­гізіп, тұтас шаруа­шы­лық­тарды сақтап қалды. Сол арқылы ауыл адамдарының да туған жерден безе көшуіне жол бермеді. Қазір сол шаруашылықтар да, ауылдар да қайта гүлденген, көр­кейген. Олар адамдарды жұ­мыс­пен қамтамасыз етіп отыр. Мен өз ісімді де мысал етсем артық­тығы жоқ деп ойлаймын. Тәуелсіз Қазақстандағы туризм мен адамдар демалысын ұйым­дастырушылардың алдыңғы легі­нен көрінсем керек. Азып-тозып кеткен «Сосновый бор» сана­торийін Қазақстанның әр шал­ғайынан және алыс-жақын шетелдерден демалушылар ағылып келетін демалыс және шипажай орнына айналдырдық. Ең бастысы, «Сосновый бор» бүгінде тек шипажай ғана емес, адамдардың нәпақасын табатын, ырғақты жұмыс орны да болып отыр. Мұнда о баста ұжым барлығы 25-30 адамнан тұрса, кейінгі жылдары мұнда нәпақасын тауып отыр­ғандардың саны 250 адамға жетті. Санаторийдегі негізгі ме­дици­налық қызметкерлердің саны 180 адамды құраса, оның сыртында 70 адамға жұмыс орнын ұсындық. Өйткені, шипажайға қажетті жиһаз осындағы цехтың өзінде жасалады, көкөніс, жеміс бау-бақшада өсіріледі, ет үшін шағын мал шаруашылығын ұйым­дастырдық, құрылыс бригадасында қаншама адам жұмыс істейді. Міне, осындай жұмыс­тың барлығы да адам еңбегімен бітеді.
Қазір іс бастаймын, шаруа істеймін деген жанға Үкімет пен мемлекет тарапынан жағдай молынан жасалған. Бір ғана мысал. Біз осы «Сосновый бор» шипажайын көтеруді қолға алған 2000-шы жылдардың басында несиені 18 пайыздық үстемемен алатынбыз. Ал қазір кәсіпорындар мен шаруашылықтардың банктерден 12 пайыз үстемемен алған несиесінің 7 пайызын Үкімет субсидиялайды. Сонда несиенің үстеме пайызы кәсіпкерлерге 4-5 пайыз болып шыға келеді. Бұл үлкен жеңілдік.
Қазір «еңбек етуге, шаруа бас­тап, іс істеуге қандай да бір кедегілер бар ма?» деген сауал туады. Иә, меніңше, әлі де кестесін келістіре алмай жатқан істер бар. Соның бірі адамдарды ақпараттық сауаттандырудың жетім­сіздігі деп білемін. Еңбек еткісі-ақ келеді, бірақ қайда барса да тұйыққа тіреле берген соң, салы суға кетіп, қолы жұмысқа бармай қалатындар да кездесетіні анық. Қазір өзін өзі жұмыспен қамтамасыз еткісі келетіндерге, орта және шағын бизнесті дамытуға арналған шағын, жеңілдікпен берілетін несиелер бар. Мал өсіремін дегендерге «Сыбаға» несиесі беріліп жатыр. Мал тұқымын асылдандырамын десе, мемлекет оған дотация береді. Шаруаға бұл да көмек. Осының барлығын адамдарға айтып түсіндіруіміз керек. Арнайы мамандар оларға шаруа жүр­гі­зу­ді, бизнес-жоспар жасауды үй­рет­се адамдардың іс бастауға деген ынтасы артар еді. Адам білмегеннен ғана аңтары­лып қалады. Осы орайда, на­рықты зерделеуді үйренуден жалық­па­ған дұрыс. Ол ірі шаруашы­лық­тарға да, жеке ісімен айналы­са­тын­дарға да аса қажет. Ауыл ша­руа­шылығында соңғы кездері тек бір танапты егінге қарағанның дұрыс емес екендігін өмір көр­сет­ті. Соңғы жылдары бидай ал­қаптары қыс­қартылып, майлы дақылдардың, көкөністің көлемі көбейтіліп жатыр. Тіпті солтүстік өңірлерге жерсінетін жеміспен айналысса несі бар? Мал шаруа­шылығы дамымай дастарқан мол­шылығы болмайды. Қазекем­нің амандық сұрасқанда «мал-жан аман ба?» деп, алдымен жанға керек малды, содан кейін жанды сұрайтыны тегін емес.
Қазір елімізде әлеуметтік мәсе­лелер үшін жылына бір трил­лионнан астам теңге бөлі­неді екен. Мұндай мақсатқа осын­ша көлем­дегі қаржы Еуро­паның дамыған елдерінде де жұмсалмайтын көрі­неді. Егер бөлінген қаржынының қай­­тары­мы болмай, оны масыл­дықпен ғана пайдалансақ, еліміз көркейе ме? Жоқ! Масылдық қазақтың ең ауыр сөзінің бірі. Әркім өз еңбегін мақтаныш еткенде ғана бағымыз жанады.
Еліміздегі әлеуметтік бағдар­ла­ма­лардың барлығы да мем­лекетті көркейту, сол арқылы адамдардың жағдайын жақсарту мақсатында қолға алынады. Мысалы, моноқа­лаларды дамыту бағдарламасы шең­берінде сол өңірдің экономикасын әртарап­тандыру, қосымша жұ­мыс орындарын беретін жаңа кәсіп­орындар ашу, инвестициялар тарту, жаңа жобалар жасау сияқты көптеген іс қолға алынып жатыр. Біздің облыста да бұл бағдарлама аясында Рудный, Арқалық, Лисаков, Жітіқара сияқты шағын қала­лар одан сайын көркейіп, адам­дардың жайлы, тұрақты мекеніне айналатын болады. Бұл бағытта республикалық бюджеттен бөлін­ген 901 миллион 852 мың теңге шашылып-төгілмей, өз мақсатына жұмсалса, ол өсуіміздің кепілі болары анық.
Ал адамдарды еңбекпен қам­тамасыз етуді мақсат тұтқан «Жол картасы» бағдарламасының еліміз­дегі сияқты біздің облыста да қадамы жаман емес. Өткен жылы «Жұмыспен қамту-2020» бағдар­ламасы үшін 447 миллион 808 мың теңге бөлінді. Ол арқылы адамдарды мамандықтарға қайта даярланып, жұмысқа орналастырылды. Ал биыл бұл мақсатқа респуб­ли­калық және жергілікті бюджеттен 2 миллиард 104 миллионнан астам теңге қаржы қарастырылды. Алыс елді мекендерде қалып қойған адамдарды еңбекпен қамтамасыз ету үшін түрлі бағытта жұмыстар жүруде. Мысалы, Рудный қала­сы­нан 117 пәтерлі үй салынып, оған бола­шағы жоқ деген алыс елді мекендерден адамдар көшіріліп әке­ліп, баспанамен қоса жұмыс бе­рілді. Алайда, адамдардың әлеу­мет­тік мәселесі тек мұндай тәсіл­мен ғана шешімін таппайтыны бел­гілі. Елбасы бастамасымен елімізде дүбірлі қадаммен жүріп жатқан үдемелі индустриялық-инно­ва­ция­лық даму бағдар­ла­масы шеңбе­рін­дегі жобалар әлеу­меттік мәселе­лердің де түйінін шешетін болады. Ашылған кәсіп­орындар мен шаруа­­шылықтар адамдарға қан­шама жұмыс орындарын ұсынып отыр.
Мақалада еліміздегі заңна­ма­ларды жаңғыртуға да Президент баса назар аударды. Күнделікті көріп жүргеніміздей, заңмен рет­телуін күтіп жүрген мәселелер баршылық. Мысалы, өзін өзі жұмыспен қамтамасыз ететіндер мен кәсіпкерліктің ара жігін де ажыратып жатпаймыз. Он сиыр ұстап, оның сүтін, етін сатып, шаруасын дөңгелентіп отыр­ған­дарды да, екі сиыр алып, соның сүтімен күнін көріп жатқандарды да өзін өзі жұмыспен қамты­ған­дарға жатқызамыз. Он сиырдың табысы мен екі сиырдың табысы арасында айырма бар емес пе? Шаруасы түзелген адамға кәсіпкерлік мәртебесі беріліп, ол салық төлесе, бюджет қоржыны да толыға түсетіні аян. Жер пайдалану мәселесінде де солай. Біздің облыс­та пайдаланбай бос жатқан жерлер жетерлік. Ондай жерлерде мүмкіндігі мол кәсіп­керлер мал шаруашылығын ұйым­дастырса, оның қайтарымы да болар еді. Өкінішке қарай, астық еккендер де, мал баққандар да ауылдың айналасына тығыла береді. Рас, бұл олар үшін тасымалға да, өнімді өткізуге де қолайлы болар, бірақ соның салдарынан ауыл айналасында жекелер мал ұстайтын жайылым мен шабындықтың тарылып кеткені тағы аян. Бұл ауылдағы ағайын­ның әлеуметтік тұрмысының көтері­луіне кедергі. Қазір жем-шөбін қымбатсынып, ауылдағы ағайын мал ұстамайтын әдетке ұрынды. Ондайларға кедейшілік қоңсы қона береді.
Елбасының «Қазақстанның әлеу­­меттік жаңғыртылуы: Жал­пы­ға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаласын әр қазақстандық түсініп, сезіне алса, ол оның алдағы жарқын өміріне бастар баспалдақ болады. Себебі адамның кермек маңдай тері сіңген дәннің наны дәмді болатынын аталарымыз бізден бұрын айтып кеткен.

(«Егемен Қазақстан» № 510-515, 15 тамыз 2012 жы

Расписание дв.-я поездов

1

Расписание дв.-я самолетов

2

Электронный акимат

3

  • akorda-kz
  • kostanay-kz
  • egov-kz
  • parlam-kz
  • government-kz
  • ekst-kz
  • sim-kz
  • tobol
  • grin
  • kstwomen-kz
  • kstakimat-kz
  • poslanie-kz
Разработка сайта - www.yoline.kz .